21 наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелу күні. Қытымыр аяз бен қара суықтың орнына көктемгі жайма-шуақ ауа райы орнап, мыңдаған шақырымды еңсерген құстар аяулы ұяларына қайтып оралатын, тіршілік атаулы жанданып, мұз құрсауында қалған өзен-көлдер еріп, қуаттана түсетін осынау берекелі маусым - түркі халықтарының ғасырлар бойы тойлап келе жатқан басты қуанышы - Наурыз мейрамы.
Парсы тілінен аударғандағы «наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны береді. Әр елдің тілдік ерекшеліктеріне қарай, Наурыздың жазылуы мен айтылуы әрқалай: Новруз, Навруз, Нуруз, Невруз, Нооруз, тағысын тағы да.
Мәдениеттанушы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Әсия Мұхамбетованың пікірінше, қазіргі кезде Наурыз аталып жүрген Ұлыстың Ұлы күні – ежелгі тәңірлік күнтізбенің айнымас бір бөлігі. Өзінің зерттеу еңбектерінің бірінде: «Бүгінде 12 жылдық қытай немесе шығыс күнтізбесі ретінде көбірек белгілі Тәңірлік күнтізбе - көшпелі өркениеттің бастауы, әрі көшпенділер қоғамындағы өмірдің барлық саласын реттеп, теңшеуші құрал болған»,- деп жазады Әсия Ибадоллақызы. – Қазақтар оған «мүшел» деген атау берген, бұған қоса күнтізбенің негізі болған 12 аңға сәйкестендірілген 12 жылдық кезең де – мүшел аталған. Көшпенділер арасында мүшел өмірдің басты «өлшемі» болып танылғандықтан, әр қазақ тәңірлік күнтізбе жайлы айтарлықтай білімге ие еді. Бұл күнтізбе көшпенділердің дәстүрлі дүниетанымын, рухани өмірін, ұлттық мінез-құлқын зерттеудегі аса құнды деректер көзі болып табылады».
Наурыз мейрамының пайда болу тамыры тереңде жатыр. Бірқатар ғалымдардың зертттеулеріне сүйенетін болсақ, ол көнеирандық Күнге табыну дәстүрі мен аты аңызға айналған Заратуштра пайғамбармен байланысты. Жалпы адамзат тарихына көз жүгіртер болсақ, күн тоқырауына негізделген мейрамдардың барлығы дерлік көшпелі және отырықшы мәдениет өкілдеріне бірдей түсінікті, Жер шарындағы ең ежелгі мерекелер екенін аңғарамыз. Себебі адам баласы бағзы замандардан-ақ Күн мен Ай ырғақтарына ерекше мән беріп, табиғатқа етене жақын болуға талпынған.