Жемшашардағы құстар
Математика негіздері
ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ІС-ӘРЕКЕТТІҢ МАҚСАТЫ
Балалардың ұғымында «он» саны мен цифры туралы түсініктер қалыптастыру; «он» санын тану, басқа заттар жиынтығымен салыстыруға.
МІНДЕТТЕР
Ажыратуға жаттықтыру; қыстайтын құстар, олардың ерекшелігі туралы білімдерін тиянақтау; зейіндерін тұрақтандыру, логикалық ойлау, еске сақтау қабілеттерін, көру арқылы қабылдауларын дамыту; құстарға қамқор болуға, жанашырлыққа, ұйымшылдыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
СӨЗДІК ЖҰМЫС
Белсенді сөздік қорға: қыстайтын құстар, жемшашар, дән шоқу, қонақтап отыр сияқты сөз тіркестерін қосу.
ӘДІС-ТӘСІЛДЕР
Таңғажайып сәт, жұмбақ жасыру, сурет негізінде көру қабілеттерін жетілдіруге арналған жаттығу, салыстыру негізінде заттың жиынын анықтауға арналған жаттығу, қол моторикасын дамытуға арналған жаттығу, бой жазу жаттығуы, еске сақтауға арналған жаттығу, материалды бекіту және қорытындылау.
ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР
1. Көрнекілік материалдар.
Демонстрациялық сурет: «Жемшашар», «Қыстайтын құстар».
Заттық суреттер: көгершіндер, торғайлар.
10 саны.
2. Үлестірмелі материалдар.
1-ден 10-ға дейінгі цифрлар.
ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ІС-ӘРЕКЕТТІҢ БАРЫСЫ
1. КІРІСПЕ БӨЛІМ
1.1. Таңғажайып сәт.
Бұталарға қонады,
Кейбірі ән салады,
Әуеде шарықтайды,
Қанат қағып қалықтайды,
Бақшаны зиянкестерден қорғайды.
– Қалай ойласыңдар, балалар, олар нелер? (Құстар.) Дұрыс.
– Қазір далада қандай құстарды көруге болады? (Торғай, қарға, сауысқан, шымшық, тоқылдақ, суықторғай, көгершін.)
1.2. «Қыстайтын құстар» суретін қарастыру.
Педагог тақтаға суретті іледі. Балаларға суретті тамашалауды ұсынады.
– Суретте нелерді көріп тұрсыңдар? (3 торғай, 1 қарға, 1 сауысқан, 1 шымшық, 1 тоқылдақ, 1 суықторғай, 1 көгершін.)
– Оларды бір сөзбен қалай айтуға болады? (Қыстайтын құстар.)
– Аулада барлығы неше құс бар екенін санайық. (Тоғыз құс.)
– Тоғыз құс екенін қайдан білдік? (3 торғай, 1 қарға, 1 сауысқан, 1 шымшық, 1 тоқылдақ, 1 суықторғай, 1 көгершін.)
– Қарғаның қасында қандай құс отыр?
– Көгершіннің үстіңгі жағында не отыр?
– Тоқылдақтың оң жағында дән шоқып отырған қай құс?
2. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1. «Не көп? Не аз?» салыстыру негізінде заттың жиынын анықтауға арналған жаттығу.
– Балалар, қыста құстарға тамақ табу қиынға соғады. Біз оларға жемшашар дайындап, ішіне жем шашайық.
Педагог тақтаға аралас тұрған 9 көгершін пен 9 торғайды орналастырады. Үстел үстінде 1-ден 10-ға дейін сандар жатады.
– Мына құстар жемшашарға ұшып келді.
– Құстарды неше бөлікке бөлуге болады? (Екіге. Көгершіндер мен торғайлар.)
– Олар қандай құстар? (Қыстайтын құстар.)
– Көгершін нешеу? Санап, сәйкес цифрды қоямыз. (Тоғыз.)
– Торғайлар нешеу? Қандай цифрды қоямыз? (Тоғыз.)
– Көгершіндер мен торғайлар саны жайлы не айтуға болады? (Қанша көгершін, сонша торғай. Екеуі де тоғыз-тоғыздан. Тең.)
– Ал, көгершіндер мен торғайлар тең екенін бірден білу үшін қалай орналастыру керек?
Балалар бірінің астына бірін орналастырады.
– Ой, балалар жемшашарға тағы бір көгершін ұшып келді.
Педагог тақтадағы көгершіндердің жанына тағы бір көгершінді орналастырады.
– Қазір нелер көп? (Көгершіндер көп.) Санайықшы. (Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.) Тамаша!
Педагог көгершіндердің қасына он цифрын қояды.
– Он көгершін қайдан шықты? (Тоғыз көгершінге тағы бір көгершін қостық.) Иә.
– Тоғыз саны үлкен бе, он саны ма? Қаншаға? Қандай сан кіші? (Он тоғызға қарағанда бірге көп, ал тоғыз онға қарағанда бірге аз.)
– Екеуі тең болу үшін не істеу керек? (Бір торғай қосу керек немесе бір көгершінді алып тастау керек.)
– Бірден онға дейін санаңдаршы. Ал, енді кері оннан бірге дейін санаңдар.
2.2. «Тез құра» қол моторикасын дамытуға арналған жаттығу.
– Балалар он саны неше цифрдан құралған? (Екі цифрдан. Бір және нөл.)
– Балалар, он саны неге ұқсайды?
Балалар өз ойларын айтады.
Педагог баулар немесе жіп қиындыларын алдын ала дайындайды.
– Ал, енді он цифрын өзіміз жазып көрейік.
Балаларға қиындық тудырса, педагог көмектесе алады.
– Біз қандай цифрды жаздық? (Он цифрын.) Қайталайық. Он.
– Тоғызға дейін тез санайық. (Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.)
– Ал, енді керісінше санайық. (Он, тоғыз, сегіз, жеті, алты, бес, төрт, үш, екі, бір.) Тамаша! Жарайсыңдар!
Уақыт жетіп жатса, өткен цифрларын жаздыртуға болады.
2.3. «Көгершін» бой жазуға арналған жаттығу.
Көк көгершін, көк көгершін,
Көгершін келер жем үшін,
Балалар, жем себелік,
Жем жесін де семірсін,
Сөйтіп қолға үйренсін.
Бұл есті құс тіл алғыш,
Үйренген соң көрерсің.
2.4. «Есіңе сақта» еске сақтауға арналған сөздік жұмыс.
– Балалар, бізде «Он рет естігенше, бір рет көрген артық» деген мақал бар. Есімізге сақтап аламыз, үйге барғанда айтып береміз.
3. ҚОРЫТЫНДЫ
Материалды бекіту және қорытындылау.
Педагог:
– Бүгін нелер жайлы айттық? (Қыстайтын құстар жайлы.)
– Қыстайтын құстардың қайсын көрдік? (Торғай, қарға, сауысқан, шымшық, тоқылдақ, суықторғай, көгершін.)
– Қыстың аязды күндерінде құстар ашығып қалмау үшін не істеу керек? (Жемшашар дайындау керек.)
– Біздің жемшашарға қандай құстар ұшып келді? (Көгершіндер мен торғайлар.)
– Неше көгершін, неше торғай ұшып келді? (Тоғыз торғай, он көгершін.)
– Он саны неше цифрмен таңбаланады? (Бір және нөл цифрымен.)
– Бүгін сендер өте жанашыр, қамқор, ұйымшыл болдыңдар. Жарайсыңдар, балалар! Сау болыңдар.